Без категории

Маңызды құжатта көлік логистикасын дамытуға басымдық берілді

Елбасы өзінің биылғы халыққа арнаған жолдауында көлік саласын дамытуға ерекше назар аударған болатын. Бұл ретте жаңа еуразиялық логистикалық инфрақұрылымды дамыту маңызды басымдықтардың бірі деп көрсетіліпті.

Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздің көлік және транзит әлеуетін толық ашу үшін көрші елдермен үйлесімді іс-қимыл қажет. Бұл Ұлы Жібек жолын жаңғыртып, бірқатар жобаларды қолға алуға септеспек.

Сұңғат Рақымжанов – СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы:

– Соның арқасында Батыс Еуропа-Батыс Қытай трансұлттық жобасы қолға алынып, ол Азия мен Еуропа арасындағы сауда қатынастарын дамыта түсуге ықпал етеді. Оның аясында Қазақстан бойынша 2787 шақырым жол салынды. Елбасы 2020-ға қарай транзиттік тасымалдар көлемін ұлғайтуды да тапсырды. Ал «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2020 жылға дейін 8 мың шақырым автомобиль жолы қалыпқа келтіріліп, оларда ақылы жүйе енгізіледі.

Айтылған міндеттерді жүзеге асыру мақ­сатында елімізде «Сәтті сапар» ақпараттық жүйесі пилоттық режимде іске қосылған.

Сұңғат Рақымжанов – СҚО бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы:

– Оның мақсаты – еліміз арқылы өтетін автокөліктерге ыңғайлы жағдай жасап, жүктерді жеткізу мерзімін қысқарту, транзиттік тасымалдаушылар үшін әкімшілік кедергілерді жойып, жол бойын­дағы тексерістерді азайту.

Елбасы жолдауын жүзеге асыру мақсатында өткен жылы Петропавл халықараық әуежайы қалыпқа келтіріліп, «Астана-Петропавл» бағытындағы тас жол жөндеуден өтті. Ал жалпы былтыр инспекция мамандары көлік заңнамасын бұзуға қатысты 680 әкімшілік іс қозғап, 20 млн теңгеден астам айыппұл өндіріп алған.

Магжан Ахмадина