Ерiктiлер

Мемлекеттік рәміздер туралы викторина өтті

Елтаңбадағы шаңырақ нені білдіреді? Тудың авторы кім? Қала тұрғындарының мемлекеттік рәміздер жайында білімі сыналды. Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері шаһардың орталық алаңында қызықты викторина өткізді. Этномәдени бірлестік өкілдері сұрақтарға жауап берген әр адамға жадынама таратып, тәттіден де үлестірді. Сондай-ақ, бүгін Петропавл жастары жерлестерімізге Тудың кішкентай үлгісін де сыйға тартты.

 

Қала көшелерінде ақ футболка киіп, Ту, Елтаңба мен Гимн туралы сұрақ қойып жатса, таң қалмаңыздар! Қызықты викторинаны Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері ұйымдастыруда. Мақсат -тұрғындардың мемлекеттік рәміздер жөніндегі білімін байқап, қосымша ақпарат беру. Сауалдар қарапайым. Маусымның 4-і күні елімізде қандай мереке аталып өтіледі? Қазақстанның туындағы элементтер қандай мағына білдіреді? Әнұранның авторлары кім?

43-ші мектептің оқушылары сұраққа дұрыс жауап берді. Өкініштісі, жастардың ішінде бүгіннің күннің аталуы мен маңызы жайлы білмейтіндер бар екен. Бірі бүгін балалар құқығын қорғау күні десе, енді бірі тіпті наурыз деп жауап қатты. Облыстық ассамблея мүшелері өз кезегінде Ту, Елтаңба мен Гимн туралы жадынама таратты. Енді жерлестеріміз мейрам туралы біліп жүретін болады. Қазақстан Конституциясы көшесінен Кәрім Сүтішевке бет алсаң, онда Тудың кішкентай нұсқасын сыйлық ретінде алуға болады. Бұл – қалалық жастар ресурстық орталығының ұйымдастырған акциясы.

Әлфараби Мыңбай – қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

-Мерекені жылда атап өтуге тырысамыз. Дәстүрге сай үй балкондарына Ту ілінді. Пандемияға байланысты бірқатар іс-шараны кейінге қалдырдық. Қазір жастардың, жалпы халықтың патриоттық сезімін ояту мақсатында Ту таратып, әлеуметтік желілерге видео жүктеудеміз

Көк жалауды тарату акциясы қаланың түкпір-түкпірінде – адам көп шоғырланатын жерлерінде ұйымдастырылды. 20-ға жуық ерікті тұрғындарға жалпы саны 500-ге тарта жалау табыс етті.


Эльмира Садвокасова