Ауа райы

Тамыз айына арналған ауа райы болжамы

Тамыз айында ауа-райы қандай болады? Күн шуағын молынан төгіп, баршамызды қуантады ма, әлде жаңбыр жауып, шабындыққа, алдағы орақ науқанына қолбайлау болады ма? Көптің көкейіндегі сұрақтарға жергілікті Қазгидромед өкілдері жауап берді.

Аққайыңдар өлкесінде көп кешікпей көпшілікке ұнайтын жаз мезгілі де аяқталады. Сондықтан, жергілікті тұрғындардың кейбірі тамызды есте қаларлықтай етіп өткізуді жоспарлап отыр екен. Ол үшін жерлестеріміз шуақты кезеңнің соңғы айы ыстық болғанын қалайды.

Тамыз шілде сияқты ыстық болғанын қалаймын. Өзім таза ауада балаларыммен жиі серуендеп тұрамын. Сол себепті, ауа райы бүгінгідей керемет болса екен деймін.

– Біздің жақтың жазы өте қысқа болады. Сондықтан, барынша жылы болғанын қалаймыз. Бір жағынан жаңбыр да керек. Жауын болмаса, егін де болмайды. Көкеністі барынша жинап жатырмыз.

– Жазды қатты жақсы көремін. Өйткені, бұл мезгілде қабат-қабат киінудің қажеті жоқ. Күн шуағын шашып тұрады, көңіл-күй де керемет болады. Сол үшін тамызда күн ыстық болса деймін.

Теріскейліктердің тілегені орындалады. Тамыз шуақты болмақ. Айдың алғашқы онкүндігінде күндіз ауа температурасы 25-30 градусқа дейін көтеріледі деп күтілуде. Кей жерлерде сынап бағанасы 33-ке дейін баруы мүмкін. Ал түнде 11-16 градус шамасында болады.

Гүлзат Ғазизова, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Екінші онкүндікте ауа температурасының түнде 14-19 градус жылыға, күндіз 25-30 градус жылыға дейін біртіндеп жоғарылауы болжанады. Онкүндіктің ең соңында ауа температурасы түнде 10-15, күндіз 21-26, кей жерлерде 30 градус болады деп күтілуде.

Демек, жаздың соңғы айында да суға түсіп, уақытты көңілді, тиімді өткізуге болады. «Ала жаздай өсіріп-баптаған өнімдерді де жинап, қысқа дайындалуға мүмкіндік туады»,- дейді Қазгидромет өкілдері.

Гүлзат Ғазизова, «Қазгидромет» РМК СҚОФ бөлім басшысы:

– Үшінші онкүндікте ауа температурасы түнде 15-20, облыстың солтүстігінде 12 градус жылыға дейін, күндіз 27-32 градусқа дейін жоғарылауы болжанады. Онкүндіктің соңында түнде 5-10, күндіз 15-20-ға дейін төмендейді деп күтілуде.

Күнге қыздырынамын деп жауын-шашынның астында қалып қоймаған абзал. Себебі, бұл айда өткінші жаңбыр жауып, найзағай жиі ойнайды деп күтілуде. Әрі тамыздың ортасында шаңды дауыл тұруы ықтимал.

Алтынай Казиканова