Экология

Абаттандыру ережелерін бұзғандар анықталды

Қоршаған ортаға немқұрайлы қарайтындарға жаза қарастырылған. Жыл басынан өңірде абаттандыру ережелерін бұзған 9 мыңнан аса адам жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде қоқысты заңды орнына емес, оңды-солды шаша салып, үйіп кеткен 40-тан аса адамға айыппұл салыныпты.

Пластик бөтелкелер, полиэтилен пакеттер, тамақ пен құрылыс материалдарының қалдықтары. Мұндай қоқыс үйінділерін Петропавлдың жер-жерінен кезіктіруге болады. Ол желмен жан-жаққа ұшады, ауаны ластайды, адам денсаулығына зиян келтіреді. Негізі, облыс орталығында қатты тұрмыстық қалдық шығарумен 6 кәсіпорын айналысады.

Қоршаған орта үшін бар жауапкершілікті кәсіпорындарға ғана артып қоюға болмас. Экология мен айналаның тазалығы тұрғындардың да мойнында. Алайда, мұны түсінбейтіндер баршылық. Қоқыс үйінділері әсіресе жер үй секторы мен саяжай аумақтарында көп. Сондықтан, полиция қызметкерлері рейдке шығып, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қайрат Нағыметов, қалалық полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы:

– Шара барысында қоқыс контейнерлері орналасқан алаңдар тексерілді, қатты тұрмыстық қалдықты шығарумен айналысатын кәсіпорын мамандарымен әңгімелестік. Жер үй секторын аралап, тұрғындарға ережелерді түсіндірдік. Қоқысты заңсыз алаңдарға тастаған жағдайда 20 АЕК көлемінде айыппұл салынатынын айттық.

Жыл басынан абаттандыру ережелерін бұзған 9 мыңнан аса солтүстікқазақстандық жауапкершілікке тартылған. Олардың 44-іне айыппұл салынса, қалғандарына ескерту жасалған.

Эльмира Садвокасова