Билік

Биыл өңірде түрлі деңгейдегі 76 әкім сайланды

Биыл өңірімізде 76 әкім сайланды! Шілде айында ұйымдастырылған саяи додада солтүстікқазақстандықтар ауылдық округтер мен Мамлютка қаласының басшысын таңдады. Маңызды науқанға теріскейліктердың 86,3%-ы қатысқан. Бағы жанып, атқамінер атанғандардың арасында заңгерлер, экономистер мен педагогтар да бар. Науқанның қорытындысы өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде жария етілді.

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы өтті. Ал шілденің 25-сі күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ауыл әкімдерін тікелей сайлау ұйымдастырылды. Яғни, бұл жолы атқамінерлерді депутаттар емес, ауылдағы ағайынның өзі таңдады.

Сергей Калинин, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Біздің өңірде сайлауға 256 кандидат түсті. Олардың 176-сы өзін-өзі ұсынды. Қалғандары партиялардың атынан қатысты. Саяси дода кезінде 21 үміткер түрлі себептермен сайлаудан шығып қалды. Жалпы, аталған саяси науқан облысымыздың 218 ауылында өтті.

Аққайыңдар өлкесінде саяси додаға сайлаушылардың 86,3% қатысқан. Ең жоғары көрсеткіш М.Жұмабаев ауданының – Ұзынкөл, Тайынша ауданының – Теңдік және Уәлиханов ауданының Қаратерек ауылдық округтерінде тіркеліпті. Аталған елді мекен тұрғындары 100%-ға ат салысқан. Ең төмен көрсеткіш те Тайыншаға тиесілі. Мұндағы Зеленогай ауылдық округі халқының 62%-ы ғана белсенділік танытқан екен.

Сергей Калинин, облыстық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

Сайланған әкімдердің 58-і – мемлекеттік қызметші. 42 ауылдық округте атқамінерлер қайта сайланды. Сондай-ақ, өзін-өзі ұсынған азаматтардың 8-і жеңіске жетті. Әкімдердің орташа жасы 42 жасты құрады. Ең жас әкім 29 жаста болса, ең үлкені – 62-де.

Сөз соңында айта кетейік, алдағы жылы ауылдық деңгейдегі 27 әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталады. Сондықтан, 2022-де саяси іс-шара тағы облыстың 11 ауданында өтпек.

Дана Ешкенова