Білім

«Уақытша отбасы» жобасының аясы кеңейеді

Солтүстік Қазақстан облысының 9 ауданында 2019-шы жылдан бері «Уақытша отбасы» жобасы жүзеге асырылып келеді. Аталған бастама аясында халқы аз орналасқан елді мекендердегі балалар өзге ауылдағы мектептерге барып білім алады. Қазіргі күні аймақта осындай әдіспен 170-ке жуық ұл-қыз басқа отбасында тұрып сабақ оқып жүр.

Валерия Петрова 14 жаста. Жеткіншек «Уақытша отбасы» жобасы аясында Булаев қаласында оқып жатыр. Қазір ол туыстарының үйінде тұрады. Себебі, өз ауылы – Пролетаркада мектеп жоқ. Мұнда 8-ші сынып оқушысына барлық жағдай жасалған. Бөлмесі кең, жылы әрі жайлы. Үйге интернет те тартылып қойған. Жалғыз мақсаты – оқу жылын 4 пен 5-ке тәмамдау.

Валерия Петрова, оқушы, М.Жұмабаев ауданы:

Мұнда 1-ші сыныптан бері оқимын. Былтыр қасымда әпкем тұрды. Ол мектепті тәмамдаған соң Ресейге оқуға кетті. Мен де жақсы білім алып, әпкем секілді жоғары оқу орнына түскім келеді. Сол үшін сабақты жақсы оқуға тырысып жүрмін.

Валерияда сабаұтан бөлек, спортқа да көп ден бөледі. Қазіргі уақытта ол воллейбол мен баскетбол үйірмелеріне барады. Бүгінге дейін аудан мен облыс көлеміндегі жарыстарға қатысып жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп жүр. Болашақ мамандығын да осы бағытпен байланыстырады екен. Айта кетейік, «Уақытша отбасы» жобасы жүзеге асырылғаннан бері мемлекет Валерияға ай сайын 20 мың теңге көлемінде ақша төлеп отырады. Бұл сома оның жүріп тұруы мен тамағы үшін төленеді.

Наталья Петрова, оқушы, М.Жұмабаев ауданы:

Сабағын жақсы оқиды. Бөлмесінде компьютер мен ноутбук бар. Интернет те орнаттық. Жалпы, сабаққа дайындалуы үшін сұраған нәрсесінің барлығын алып беріп жатырмыз. Дұрыс тамақтануын да қадағалаймыз.

Қазіргі күні М.Жұмабаев ауданында «Уақытша отбасы» жобасы аясында 25 ұл-қыз оқып жатыр. Ауылында мектеп болмаған соң олар басқа отбасында тұрып білім алады.

Талғат Қарабаев, М.Жұмабев аудандық білім бөлімінің бас маманы:

Біздің ауданда 10-нан аса мектебі жоқ ауыл бар. Сол елді мекендерде тұрып жатқан балаларды жақын маңайда орналасқан ауылға немесе аудан орталығындағы мекетептерге әкеліп оқытамыз. Яғни, интернат болмасы ұл-қыздарды басқа отбасыларға орналастырамыз. Ал оларды қарауына алған жандарға ай сайын 45 мың теңге жалақы төлеп отырамыз. Бұл жоба аясында 20 адам жұмыспен қамтылды.

Ал жалақы алып отырған жандар балалардың сол үйде тұруы мен сабақ оқуына тиісті жағдай жасауы керек. Айта кетейік, қазіргі күні бұл жоба аймақтағы тағы 8 ауданда жүзеге асырылып жатыр. Олар Айыртау, Мамлют, Шал ақын, Есіл, Жамбыл, Аққайың және Ғ.Мүсірепов пен Тайынша аудандары. Облыстық білім басқармасының мамандары берген статистикаға сүйенсек бүгінде аталған елді мекендерде 167 оқушы басқа отбасында тұрып білім алып жүр. Алдағы уақытта бұл жобаға өзге де аудандар қосылмақ.

Бердимурат Баймухан