Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментімен өткен жылы атқарылған шаруа ауыз толтырып айтарлықтай. Тіпті, былтырғы көрсеткішті рекордтық деуге де болады. Ведомство шағын және орта бизнес өкілдеріне облыс бойынша жалпы аумағы 1700 шаршы метрді жалға беріпті. Қазынаға түскен пайда 19 млн теңгені құраған.
Далабай Қабдуалиев, СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы:
– Сонымен қатар, департамент нысандарды сенімгерлікке берумен айналысады. Былтыр 5 үй-жайды сенімгерлікке бердік. Өткен жылы Заречный кентіндегі колонияның шағын үй-жайларын бизнес өкілдеріне сенімгерлікке бердік. Олар ғимараттарды жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сотталғандарды жұмыспен қамтиды.
2014 жылдан бері елімізде «Бірыңғай баланс ұстаушы» жобасы жүзеге асырылуда. Мақсат – мемлекеттік мекемелерді барынша тиімді пайдалану. Мәселен, былтыр облыс көлемінде 1500 шаршы метрден асатын аумақ босатылған. Атап айтар болсақ, Қызылжар, Жамбыл, Аққайың мен Мамлют аудандарының қазынашылық басқармалары мемлекеттік кірістердің нысанына көшіріліпті.
Эльмира Сәдуақасова, тілші:
– Осылайша, Қызылжар, Жамбыл мен Аққайыңда босатылған ғимараттар әкімдік балансына өтті. Ал Мамлют ауданындағы нысанды еш мемлекеттік мекеме қажет етпеген екен. Сондықтан, ол gosreestr.kz порталындағы электрондық аукционға шығарылды. Аумағы – 242 шаршы метр. Ғимарат барлық коммуникациямен қамтылған. Бағасы – 27 млн теңге.
Дәл осы аукционда Заречный кентінде орналасқан колония аумағындағы нысан да сатылымға шығарылады. 78-ші жылы тұрғызылған ғимараттың аумағы – мың шаршы метр. Нысан қалыпқа келтіруге келмейді. Тек бұзып, құрылыс материалдары ретінде қолдануға мүмкіндік бар. Бағасы – 2 млн. Тағы аукционға 33 бірдей компьютер де қойылады. Әрбіреуі шамамен 20 мың теңгеге өткізілмек. Сатылым наурыздың 9-ы таңғы 10-да бастау алады.
Далабай Қабдуалиев, СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы:
– 2021 жылы 7 электрондық аукцион өткізілді. 22 мүлік сатылды. Оның біреуі – жылжымайтын мүлік.
Ең көп пайда Есіл судың ескі құбырларынан түсіпті. Бірнеше жыл бұрын істен шыққан 155 шақырым желі 795 млн теңгеге саудаланған. Сатып алған кәсіпкер, құбырларды жер астынан өзі қазып, кейін учаскелерді қалпына келтірген екен. Бұның барлығы – мемлекеттік мүлік турасындағы нәтиже. Одан бөлек департамент тәркіленген дүниені де сатылымға шығарады.
Дулат Қожанов, СҚО мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім басшысы:
– 2021 жылы департаментке 51 мың 350 тәркіленген зат өткізілді. Дүние-мүліктерді ең алдымен мемлекеттік органдарға тегін ұсынамыз. Егер ведомстволар пайдаға жаратпаса, аукционға шығарамыз. Былтыр 1500-ге жуық зат электрондық портал арқылы сатылды. Осылайша, бюджетке 6,5 млн теңге пайда түсті.
Оның ішінде 5,5 млн теңге тәркіленген көлік сатылымынан түсіпті. Былтыр барлығы аукцион арқылы 14 темір тұлпар өткізілген. Келесі аукционды мамандар наурыздың 3-іне жоспарлап отыр. Мұнда лотқа бензоара, мотоблок пен смартфондар қойылады.
Эльмира Садвокасова