Білім

Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжіне – 90 жыл

Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжіне – 90 жыл. Айтулы датаға орай білім ордасында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиында оқу орнының жеткен жетістіктері сөз болды.

Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің тарихы тереңде жатыр. Білім ордасы шаһарда 1932 жылы ашылыпты. Ол кезде оқу орнында тек екі мамандық өкілдері даярланған. Содан бері колледждің атауы да, мәртебесі де талай өзгерді. Бүгінде оқу орнынан есепшіден бастап, тас қалаушы мен дәнекерлеушіге дейін, яғни экономикаға аса қажет мамандар түлеп ұшуда. Білім ордасының ел дамуына қосып жатқан өлшеусіз үлесін облыс әкімінің орынбасары Ғани Нығыметов те атап өтті.

Ғани Нығыметов, СҚО әкімінің орынбасары:

– Колледж мұғалімдері экономикаға қажет мамандарды дайындап жатыр. Осылайша, өңір мен елдің дамуына үлес қосуда. Үлкен алғыс айтамын. Сіздерге денсаулық тілеймін. Алдағы уақытта колледждің табысы мен жетістіктері көп болсын.

Колледж ұжымын мерейтоймен құттықтауға 90-шы жылдардағы түлектерінің бірі Наталья Юркевич де келіпті. Нәзікжанды қазір қаладағы компаниялардың бірінде бас есепші болып қызмет етуде. Бұл – оқу ордасында алған білімнің нәтижесі дейді маман. Уақыт өтіп, салада бірқатар өзгеріс орын алғанымен колледж оқытушылары берген білім жаңашылдықтарға тез бейімделуге септесуде.

Наталья Юркевич, Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің 1996-шы жылғы түлегі:

– Мен оқуға түскенде колледж есеп-экономикалық техникум деп аталды. 1994 пен 96-шы жылдар аралығында білім алдым. 11-ші сыныпты бітіріп келгендіктен, біз бірінші күннен бастап-ақ бірден мамандықтың қыр-сырын меңгеруге кірістік. Осылайша 2 жыл аралығында дайын есепші болып шықтым. Сол кездегі ұстаздар ұжымына айтар алғысым шексіз.

Колледждегі білім деңгейі жоғары. Көрсеткішті одан әрі нығайтуға 2020-да жүргізілген модернизация септесті. “Жас маман” республикалық бағдарламасы аясында оқу ордасына 320 млн теңге бөлінді. Қомақты қаражат материалдық-техникалық базаны 3D және гидравлика зертханамен қамтып, сантехника кабинетін жарақтап, дәнекерлеуші үстелдер орнатуға жұмсалды. Сондай-ақ, виртуалды оқыту кешендері мен тағы бірқатар озық технологиялар сатып алынған. Бұл студенттерді болашақ мамандықтарына барынша дайындауға септесуде. Мұны колледжбен әріптестік қатынас орнатқан компания өкілдері де атап өтті. “Основание” серіктестігі білім ордасымен 15 жыл бойы тығыз жұмыс істеп келеді. Өткен жылы кәсіпорын 5 түлекті екі қолға бір күрекпен қамтыған.

Иван Ковалев, “Основание” ЖШС директорының орынбасары:

– Колледж түлектеріне көңіліміз толады. Алған білімдеріне “жақсы” деген баға беруге болады. Өзіміз де практикаға келгенде үйретеміз. Бізде қазір жас тас қалаушылардан құрылған бригада бар. Барлығы – осы білім ордасының түлектері.

Былтыр білім ордасында қос жаңа мамандық ашылды. Екеуінің де лицензиясы – қолданбалы бакалавриат. Бұл колледжге “жоғары” деген мәртебені иеленуге мүмкіндік берді. Бүгінде оқу орнында 1200-ге жуық студент білім алып жүр.

Эльмира Садвокасова