Денсаулық сақтау

Наурыздың 24-і – Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні

Наурыздың 24-і – Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні! Осы орайда өңірде профилактикалық айлық жүріп жатыр. Облыстық фтизиопульмонология орталығының мамандары жұқпалы әрі қауіпті дерттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде “Дәрігерге сұрақ” атты ақпараттық шара өткізуде.

Аққайыңдар өлкесінде туберкулез ауруына байланысты эпидемиологиялық жағдай тұрақты және аурушаңдық көрсеткіші жылдан жылға төмендеуде. Дегенмен, бүгінгі таңда диспансерлік есепте 302 адам тұр. Оның 200-ден астамы үйде ем қабылдауда. Ал 72 пациент – арнайы мекемелерде. Науқастардың 70 пайызы – ер адамдар.

Кенжегүл Әріпова, облыстық фтизиопульмонология орталығының бөлімше меңгерушісі:

– Соңғы 10 жылда, 2011 жылдан бастап 2021 жылға дейін туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші облыста және тұтастай ел бойынша 100 мың тұрғынға шаққанда 85,8-ден 33,8-ге дейін немесе 2,5 есеге төмендеді. 2021 жылы аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 33,8-ді құрады. Ал 2020 жылы 15,7%-ке төмендеді. Сондай-ақ, туберкулезден болатын өлім-жітім жағдайлары да соңғы 10 жылда 11,8-ден 3,9 есеге төмендеген.

Туберкулез дерті төбе шашты тік тұрғызғанымен, оны дер кезінде әрі дұрыс емдесе құлан-таза айығып кетуге мүмкіндік бар. Емделуге қазіргі медицинаның қауһары жетеді. Бүгінде отандық мекемелерде ауруды дәл анықтауға және күресуге мүмкіндік беретін қондырғылар жетерлік, қауқарлы дәрі-дәрмек те қолжетімді.

Кенжегүл Әріпова, облыстық фтизиопульмонология орталығының бөлімше меңгерушісі:

– Өңірімізде халықаралық стандарттарға сай заманауи әдістер енгізілуде. Атап айтатын болсақ, қазіргі таңдағы ең қойлайлы әдістердің бірі – молекулярлық-гинетикалық әдіспен туберкулезді анықтау. Бұл үшін Gene-Xpert қондырғысы қолданылады. Аталған аппарат адамның қақырығы бойынша туберкулез бар ма, жоқ па екенін анықтайды. Анықтау процесі 2 сағатқа созылады.

Облыстық фтизиопульмонология орталығында аталған заман игілігінің 2 данасы бар. Автоматты түрде жұмыс істейтін қондырғы аудандарда да жұмыс істеп тұр. Атап айтсақ, тұрғындардың сынамасы Ғ.Мүсірепов, Жамбыл, Тайынша және Есіл аудандарында зерттеледі. Өткен жылы GeneXpert әдісімен 3 жарым мыңға жуық солтүстікқазақстандық тексеріліпті. Нәтижесінде 200-ден астам адамнан туберкулез дертінің белгілері табылған.

Қаныш Бижанов, облыстық фтизиопульмонология орталығының директоры:

– Сондай-ақ, өңірімізде өткен жылдың 12 айы ішінде флюорографиялық тексеру жоспары 99,1%-ға орындалды. Бұл әдіс арқылы туберкулезбен ауыратын 153 науқас анықталды. Балаларды да ұмыт қалдырмаймыз. Былтыр 40 мыңнан астам ұл-қыз қаралды. Өкінішке қарай, олардың 3-еуі жұқпалы дертке шалдыққандығы белгілі болды. Жалпы, бүгінгі таңда өңірімізде 8 бала есепте тұр.

Сөз соңында айта кетейік, наурыздың 24-і – Бүкіләлемдік туберкулезбен күрес күні. Бұл датаға орай өңірде профилактикалық айлық жүріп жатыр. Шара барысында облыстық фтизиопульмонология орталығының мамандары жұқпалы әрі қауіпті дерттің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Сондай-ақ, мамандар әлеуметтік желілерде “Дәрігерге сұрақ” атты ақпараттық науқан өткізуде.

Дана Ешкенова