Ғ.Мүсірепов атындағы балалар кітапханасында бүгін ерекше күн. Мұндағы мамандар өздерінің мәдениет саласындағы әріптестері – С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актерлерін құшақ жая қарсы алуда. Дәл Көрісу күнінде қос қарашаңырақ өкілдері қол алысып, төс қағысып, бір-бірін көктем мерекесімен құттықтауда.
Иығына оюлы шапан жапқан жігіттер, ақжаулық таққан апалар мен сәукеле киген қыз-келіншектер мерекенің сәнін келтіріп, Қара жорға биін биледі. Осылайша, олар өткен жылды шығарып салып, келе жатқан жаңа жылды қарсы алуда. Кейін, қонақтар мерекелік дастарханға жайғасып, астан ауыз тиді. Мұндай басқосудың өзіндік мәні бар. “Көрісу күнінде халық қыстан аман-есен шыққанға қуанып, бір-бірін құттықтайды”,- дейді кітапхана қызметкері Аманжол Зағыпар.
Аманжол Зағыпар, Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының қызметкері:
– Көрісу мерекесі бұрыннан бері бар. Бұл дәстүр көбінесе Қазақстанның Ресеймен шекаралас облыстарында жақсы сақталған. Қазіргі күні республика көлемінде қайта жаңғырып жатыр.
Өз кезектерінде С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының ұжымы шашу шашып, дәмді дастархан жайып қарсы алған әріптестеріне алғыстарын айтуда. Шара барысында жиналғандар өткен жылы атқарған шаруаларын да қорытындылады, алдағы жоспарларымен де бөлісті.
Біржан Жалғасбаев, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры:
– Көптеген іс-шараларды бірлесе ұйымдастырамыз. Алдағы уақытта 2 мекеме арасындағы достықты, әріптестікті нығайту мақсатында арнайы құттықтап келіп отырмыз.
Айта кетейік, С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының ұжымы алда келе жатқа жаңа жыл мерекесі қарсаңында өңіріміздің бірнеше ауылына гастрольдік сапармен бармақшы екен. Мақсаттары – шалғайдағы елді мекендерде ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мерекесін кеңінен насихаттау. Сонымен қатар, өнерпаздар дәл мейрамда облыс орталығында да қала тұрғындар мен қонақтары үшін үлкен концерттік бағдарлама ұсынбақшы.
Бердимурат Баймухан