МТРА жаңалықтары

Игі іс – игіліктің нышаны

Игі іс – игіліктің нышаны! Ұлыстың ұлы күні әз-Наурыз мерекесі қарсаңында “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде осындай атаумен ерекше іс-шара ұйымдастырылды. Музей мамандары мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған “Арман” орталығының тәрбиеленушілерін қонаққа шақырған. Жан жылуына толы шарада қазақ халқының ұлттық ойындары ойналып, салт-дәстүрі паш етілді.

Наурыз мейрамының басты нышандарының бірі – Қыдыр ата.
Аңызға сенсек, ол Ұлыстың ұлы күнінде әр шаңыраққа кіріп бата береді.

Бата берілгеннен кейін шашу шашылды. Бұдан кейін ұлттық ойындар ойнатылды. Соның бірі – теңге тастау. Ереже мынадай: оқушылар қолдарындағы тиындарды қазанға дәл түсіруі керек.

Қызықты ойындардан кейін ұл-қыздарға қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы жайлы баяндалды. Тіпті, мысал ретінде сәбиді бесікке бөлеу рәсімі де көрсетілді. Ұл-қыздар өздері де ат салысып, нәрестені бөлеп көрді.

Руслан Шәріпов, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған “Арман” орталығының тәрбиеленушісі:

– Бүгінгі іс-шара маған қатты ұнады. Әсіресе, ұлттық ойындар қызықты болды. Халқымыздың салт-дәстүрі жайлы да көп нәрсе білдім. Наурыз мерекесін жыл сайын асыға күтемін. Мйрамда біз жанұямызбен үлкен дастархан басына жиналып, бір-бірімізге жақсы тілектер тілейміз.

Кирилл Дубининге де бүгінгі іс-шара ұнаған екен. 12 жастағы жеткіншекті қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы ерекше қызықтырады.

Кирилл Дубинин, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған “Арман” орталығының тәрбиеленушісі:

– Мен қазақ халқының көп дәстүрін білемін. Сондай-ақ, Наурыз көжені әзірлеу барысы ұнайды. Анам мереке қарсаңында маған әрдайым көже дайындап береді.

“Игі іс – игіліктің нышаны” атты іс-шара “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінде апта соңына дейін жалғаспақ. Мұнда балалар қазақ халқының тарихымен және мәдениетімен кеңінен таныса алады.

Шара соңында ұл-қыздарға мерекелік дастархан жайылып, ыстық бауырсақ пен Наурыз көже ұсынылды.

Дана Ешкенова