Әдетте мемлекет басшысының жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына басымдық беріледі. Бұл жолы басты назар саяси бағытқа аударылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанды реформалауға бел буып отыр. Алайда, жаңашылдықтар асығыс емес, жеті рет өлшеп, бір рет кес деген қағидамен енгізілмек. Заңгер, жергілікті университет оқытушысы Павел Афанасьевтің сөзінше, қабылданатын өзгерістер республиканың дамуына жаңа леп бермек.
Павел Афанасьев, Қозыбаев университетінің аға оқытушысы:
– Қасым-Жомарт Кемелұлы суперпрезиденттік басқару жүйесінен бас тартуды ұсынды. Енді еліміз мықты Парламенті бар президенттік республика ретінде танылмақ. Яғни, өкілеттіліктің басым бөлігі депутаттарға беріледі. Ал мемлекет басшысы билік тармақтарына бағыт-бағдар беруші, жетекші болып қалады. Бұл – Жаңа Қазақстанға жасалған алғашқы қадам.
Өзін-өзі басқару жүйесі де күшейеді. Президент қала және аудан әкімдерін мәслихат сессиясында сайлауды ұсынып отыр. Бұл ретте жұртшылықтың өзі емес, халық қалаулылары, яғни депутаттар дауыс береді. Республикалық маңызы бар қала мен облыс әкімдерін тағайындауда да өзгеріс орын алмақ. Атқамінер лауазымына кем дегенде 2 адам үміткерлік етуі керек. Яғни, кандидаттар нағыз сайлаудан өтеді. Көңіл қуантарлық тағы бір реформа саяси партиялар турасында.
Павел Афанасьев, Қозыбаев университетінің аға оқытушысы:
– Саяси партияларға қатысты алғашқы заң қабылданғанда, мүшелерінің саны 50 мыңды құрауы қажет делінді. Бұл біздің республика үшін тым жоғар меже еді. Сондықтан, көрсеткіш – 40, кейін 20 мыңға дейін азайды. Президент оны тіптен 5 мыңға дейін қысқартуды ұсынуда. Ал облыстардағы әрбір филиалдағы мүшелер саны бұрынғыдай 600 емес, 200 болса жеткілікті.
Жаңа партия құру үшін де талап басқа. Бастамашыл топ өкілдерінің саны мыңнан 700-ге дейін қысқарды. Әрі саяси ұйымды тіркеуге қажет құжаттардың тізімі азайып, процедураға берілетін уақыт артты. Бұл жергілікті тұрғындардың саясатқа деген көзқарасы мен қызығушылығына оң әсерін тигізбек. Әрі партиялар арасындағы бәсекелестікті дамытуға мүмкіндік береді.
Наиль Абраев, «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы:
– Қасым-Жомарт Тоқаев барлық халықтың тең екендігіне көз жеткізді. Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға және квазимемлекеттік секторда басшылық қызметті иеленуге тыйым салынды. Норма Конституцияға да енгізілмек. Бұл жастарды білім қуып, жұмыс істеуге итермелейді деген ойдамын.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда Президенттің жолдауы тұрғындардың үмітін ақтады. Бірақ, бар міндетті мемлекет басшысы мен Үкіметке артып қоюға болмайды. “Республика” латын тілінен аударғанда ортақ іс дегенді білдіреді. Жаңа Қазақстанды құру да ортақ іске, әрбір адамның жауапкершілігіне айналуы тиіс.
Эльмира Садвокасова