Химия және география. Бүгін жүзден жүйрік ұл-қыздар осы пәндер бойынша сынға түседі. Әзірге, оқушылар психолог маманның қатысуымен өтіп жатқан арнайы тренингке қатысуда. Мұнда олардың тестілеуге деген психологиялық дайындықтары тексеріледі. Жалынды жастардың бірі – Кәмила Раушанова. Оның таңдаған пәні – география.
Кәмила Раушанова, Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:
– Дайындығым жақсы болды. Көптеген кітаптарды қарап, тәлімгеріммен бірге дайындалдым. География пәні ауқымды болғаннан кейін тестілеу де әр түрлі болады. Яғни, тек тест емес, мәтін бойынша жұмыс, сәйкестендіру немесе картамен жұмыс болуы мүмкін. Болашақ мамандығым география пәнімен байланысты. Экономика факультетіне оқуға түспекшімін.
Тренингтен кейін оқушылар тестілеуді бастады. Бұл уақытта жалғыз өңіріміздің ғана емес, еліміздің өзге облыстарындағы жастар да пән олимпиадасының тапсырмаларын орындауға кірісті. Биыл дәстүрлі білім сайысы алғаш рет онлайн форматта өткізіліп жатыр. Яғни, сынақ компьютердің көмегімен жүзеге асырылады. Мұнда “Академиялық адалдық” та басты назарға алынған. Мамандар әр оқушының іс-қимылын жіті бақылауда.
Айбек Ахметов, «Әділдік жолы» республикалық ұйымының бақылаушысы:
– Мен олимпиаданың әділ және ашық өтуін бақылаймын. Заңға қайшы әрекеттер тіркелсе, оны жария етеміз. Сондай-ақ, жағдайға байланысты тиісті шара қолданамыз.
Биыл облыс бойынша пән олимпиадасының өңірлік кезеңіне 430 бала қатысып жатыр. Олар наурыздың 30-ына дейін 16 пән бойынша білім жарыстырады.
Алмагүл Оспанова, СҚО білім басқармасының бас маманы:
– Олимпиада 2 бағытта өткізіледі. Бірінші бағыт бүгін басталды. Бұл – математика-жаратылыстану бағыты, екінші бағыт – қоғамдық-гуманитарлық бағыт. Олимпиада өткен соң, әрбір оқушының жұмысы сканерленіп, сайтқа орналастырылады. Біздің білім беру саласындағы әдістемелік орталықтың сайтында сілтемелер бар. Сол сілтемелер бойынша барлығын да көруге болады.
Сайыс қорытындысы наурыздың соңында жария етіледі. Олимпиаданың облыстық кезеңінде топ жарғандар сәуір айының 11-і күні Алматы қаласында өтетін республикалық кезеңде өңір намысын қорғайды.
Алдияр Айтпаев