МТРА жаңалықтары

Еңбек ардагері Жақсылық Ысқақов 90 жасқа толды

Жерлесіміз, өңірдің құрметті азаматы, еңбек ардагері Жақсылық Ысқақов 90 жасқа толды. Өңір басшылығы мен бір топ зиялы қауым қарияны мерейтойымен құттықтады. Құмар Ақсақалов Жақсылық Ғабдоллаұлына Президенттің атыннан алғыс хат пен медаль табыстады.

Жиын басталмас бұрын барлығы ақсақалмен амандасып, батасын алуда. Кейбірі фотоға түсіп, бұл күнді естелік етіп, жадына сақтап алмақшы. Өйткені, Жақсылық Ысқақовтың өмір жолы – ұрпаққа үлгі.

Жангелді Тәжин, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Ағамыздың өмірі – жастарға үлгі. Оның қызметтік жолы ғана емес, халқын сүюі, жерін сүюі, халқына адал қызмет қылды. Ол өзінің адал еңбегімен өмірге деген құлшынысының арқасында жетті. Құттықтаймыз. Ағамызға денсаулық тілейміз.

Жақсылық Ғабдоллаұлы – саналы ғұмырын мемлекеттік қызметке арнап, елімізді дамытуға сүбелі үлес қосқан жандардың бірі. Бірі емес бірегейі. Оны ел Президенті өзінің құттықтау жеделхатында да жазған. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов айтты.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіз СҚО мен Павлодар облыстарында жұмыс істедіңіз. Екі өңірдің дамуына үлес қостыңыз. Зейнетке шықсаңыз да игілікті шаралардан қол үзбей келесіз. Торқалы 90 жасыңызбен құттықтап, деніңізге саулық, әулетіңізге амандық тілеймін.

Бұдан соң аймақ басшысы Президенттің атынан мерейтой иесіне алғыс хат пен медаль табыстап, иығына шапан жапты. Жақсылық Ысқақовтың балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келгендіктен, ол ересектермен бірге қара жұмыс істеді. Бұл да өсіп келе жатқан жастың шыңдалуына сеп болғандай. Ал еңбек жолын тың және тыңайған жерлерді игеру кезінде қарапайым агроном болып бастаған. Содан білімі мен талапшылдығы, іске деген беріктігінің арқасында басшылық қызметке дейін өсті. Оны көз көрген қариялар және Жақсылық Ысқақовтың соңынан ерген ізбасарлары жақсы біледі.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Менің мектепте оқып жүрген кезім. Бір күні әкем келіп, Сергеевка партия райкомына мықты бірінші хатшы келді, енді жаңа мектеп, балабақшалар салынады деп айтқаны әлі есімде. Сол кездегі білікті басшы осы Жақсылық Ғабдоллаұлы болатын. Мен Павлодарда еңбек еткенде де ағаммен бірлесіп жұмыс атқардым.

Сондай-ақ, Ерік Сұлтанов Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың да құттықтауын жеткізді. Бұл күні ақсақалға жүрекжарды тілектерін арнағандардың қатары қалың болды. Үлкен-кішінің барлығы Жақсылық Ысқақовтың іскерлік қана емес, адами қасиеттері жайлы сөз қозғады. Қария зайыбы екеуі 3 бала тәрбиелеп, өсірген. Ұлдарының біреуі әке жолын қуған. Өмірін елге қызмет етуге арнаған Жақсылық Ғабдоллаұлы балаларының тәбиесіне де ерекше көңіл бөліпті.

Ерік Ысқақов – Ж.Ысқақовтың ұлы:

– Кішкентай болғанда өте көп кітап оқитын. Соларды бізге әңгімелеп отыратын. Тағы ұлағатты кісілердің сөздерін айтып отарды. Солар біздің жүрегімізде әлі қалды. Бүгін біздің жанұяда үлкен той-қуаныш. Біздің әкеміз 90-ға келіп жатыр. Ол – бізге үлгі.

Жақсылық Ысқақов – екі ғасырдың ғана емес, Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуының куәгері. Ол – екі өңір мен 4 ауданның құрметті азаматы. Мұндайға кез келген адам қол жеткізе алмайды. Тек халқына адал еңбек еткен жанға ғана бұйырады. Мұны көпшілікке алғысын білдірген ақсақал да айтып өтті.

Жақсылық Ысқақов, СҚО құрметті азаматы, еңбек ардагері:

– Осындай сөздерді сатып ала алмайсың. Барлығы өзінің істеген ісіңе, адамгершілігіңе байланысты. Мен аштық жылы 32-ші жылы тудым. Содан мектеп, институтта оқып жүргенде агроном болып, бар мақсатым халықты нанға тойғызу болды. Барлығыңа көп рахмет.

Қария облыстың отымен кіріп, күлімен шықтым деп қалжыңдап, баршаңа 90 жастығым бұйырсын деп жиынды қорытындылады. Салтанатты шара әсем әнмен жалғасты.

Магжан Ахмадина