Денсаулық сақтау

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында компьютерлік томограф іске қосылды

Сәулелік жүтемесі аз әрі нақты диагноз қоюға мүмкіндік береді. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында су жаңа компьютерлік томограф іске қосылды. Америкалық қондырғының құны 400 млн теңгеге жуықтайды. Бүгін заманауи жабдықтың жұмысымен емдеу мекемесіне арнайы барған облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.

Бұл – жоғары сапалы компьютерлік томографты америкалық фирма жасап шығарған. Қондырғы 2021 жылғы. Ескілеріне қарағанда бұның фунциялары біраз жаңарған. Нәтижесінде оның көмегімен қан тамырларын зерттеу біршама оңайырақ болмақ. Оған қоса, алынған суреттің сапасы мен құрылғының бағдарламалық бөлігі 20%-ға жақсарған.

Виталий Туник, облыстық көпбейінді балалар ауруханасының сәулелік диагностика дәрігері:

– Қондырғының қауқары жақсы. Бастысы, сәулелік жүктемесі аз. Себебі, балалардың ағзасы сәулеге өте сезімтал болып келеді. Сондай-ақ, бұл компьютерлік томограф диагнозды нақты анықтауға мүмкіндік береді. Айта кетейін, осы қондырғы арқылы балалардың денсаулығын бастан-аяқ тексеруге мүмкіндік бар”.

Виталий Туниктің сөзінше, заманауи компьютерлік томографты қолдану арқылы тыныс алу, қан айналымы жүйесінің аурулары тәрізді дерттерге ерте диагностика жүргізуге болады. Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында бұл аппарат 2 апта бұрын іске қосылыпты. Осы уақыт аралығында 60-тан астам бала тексерістен өткен.

Нұрлан Жақыпов, облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының міндетін атқарушы:

– Өткен жылы біз компьютерлік томограф арқылы балалар арасында 2 мыңнан астам зерттеу жүргіздік. Үстіміздегі жылы жоспар бойынша 3 мыңға жуық томография жасалмақ. Бұл меже еш кедергісіз орындалады деген ойдамын. Себебі, заманауи қондырғы бұрынғыларына қарағанда жылдам жұмыс істейді.

Облыстық көпбейінді балалар ауруханасында бұрынғы компьютерлік томограф 7 жыл қызмет еткен. Енді бұл аппарат Ғ.Мүсірепов аудандық ауруханасына жіберіледі. Онда жабдық келесі айдың соңында іске қосылмақ. Сондай-ақ, жуырда қалалық көпбейінді ауруханада тағы бір компьютерлік томография кабинеті ашылмақ.

Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі

– Соңғы 5 жылда өңірдегі емдеу мекемелері қажетті заманауи медициналық жабдықтармен толықтырылып келеді. Осы аралықта облыста бұл мақсатқа 14 млрд теңге бөлінді. Қыруар қаржыға 2 мыңнан астам заманауи қондырғы сатып алынды.

Сондай-ақ, өңірде ангиограф, маммограф, УЗИ, рентген аппараттарының тапшылығы мәселесі толығымен шешілді.

Дана Ешкенова