Маңызды

Өңірге жұмыс сапарымен Сенат депутаттары келді

Өңірге жұмыс сапарымен Парламент Сенатының депутаттары келді. Облыстан сайланған Ерік Сұлтанов пен Ольга Перепечина халықпен жүздесіп, базыналарын тыңдап, атқарылған шаруа бойынша есеп беруде. Осы мақсатта елді мекендерді аралап, өндіріс ошақтарындағы еңбеккерлермен кездесуде.

“SMBGROUP Family” компаниясы 2020 жылы жұмысын бастады. Кәсіпорын биг-бег шығарумен айналысады. Қазақстанда үлкен қаптарға деген сұраныс жоғары. Бұл тауар түрі цемент, құм, пластик гранулалары секілді сусымалы материалды үлкен көлемде сақтап, тасымалдау үшін қажет.

Сенаторлар өндіріс процесімен танысып, кәсіпорындағы жағдайды сұрастырды. Көпшілікті Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс алаңдатып отыр. Әскери шиеленіс салдары отандық компанияларға да кері әсерін тигізуі мүмкін.

Мұқан Садуов, «SMBGROUP Family» ЖШС бас директоры:

– Әлемде болып жатқан соңғы жағдайларға байланысты рубль бағамы төмендеді. Яғни, қазақстандықтар үшін биг бегтерді Ресейден жеткізу арзанырақ болуы мүмкін

Нәтижесінде өзіндік өнімге деген сұраныс төмендеп кете ме деп алаңдаулы кәсіпкер. Шикізатқа келер болсақ, зауыттың жақын шетелдің нарығына деген тәуелділігі жоқ. Өнімнің 95 пайызы қазақстандық. Сондықтан, өнім өндіруде қиындық туындамайды. Бұл ретте кәсіпорын басшылығы ауқымды жоспар құрып отыр.

Мұқан Садуов, «SMBGROUP Family» ЖШС бас директоры:

– Біз вагон ішпектерін әзірлей аламыз. Цех дайын. Қуаттылығы айына 3 мың қап дайындауға жетеді. Іске қоссақ, қосымша жұмыс орындары да ашылады. Мәселе өнімді сатуға қатысты. Қазір “Тенгизшевройл” серіктестігімен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Осы ретте көмек керек.

Көмек болады. Сенатор Ерік Сұлтанов өтінішті қағаз жүзінде жазып жіберуді сұрады. Мәселемен ол вице-премьер Роман Склярға жүгінбек. Себебі, отандық компаниялар отандық кәсіпорындарды қолдауы тиіс. Әсіресе, доллар өскенде ақшаны сыртқы нарыққа шығармай, өзімізде қалдырған маңызды дейді жоғарғы палата депутаты. Бұл ойын өндіріс ошағының еңбеккерлерімен кездесу барысында да айтты. Өз кезегінде солтүстікқазақстандықтар сенаторларға алаңдатқан проблемаларын жеткізді.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Қант жоқ, азық-түлік қымбаттап жатыр. Соны жеткізді. Бұл енді әлемдік тренд болып отыр. Ресей қант пен бидай экспортын тоқтатты. Тұрғындарға қантты қаппен алудың қажеті жоқ. 1-2 келіден ғана, қажеттіліктеріне қарап алатын болса, бәрі жақсы болады.

Кейін сенаторлар “Cool Infinity” зауытына ат басын бұрды. Кәсіпорын термос және рефрижератор вагондарын құрастырумен айналысады. Екеуі де көкөніс, жеміс-жидек пен теңіз өнімдерін тасымалдауға арналған. Сұраныс өте жоғары әрі тауарлардың барлығы экспортқа шығарылуда. Бүгінде өндіріс ошағында 120 адам екі қолға бір күрекпен қамтылған. Орташа жалақы мөлшері – 250 мың теңге.

Ерік Сұлтанов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Үшінші жыл істеп жатыр ғой. Алғашқы жылы пайда 1,5 млрд теңге болған. Былтыр – 5 млрд, биыл – 10 млрд. Тауардағы қазақстандық үлес 50-60 пайызды құрайды. Жақсы көрсеткіш.

Сенаторлар өңірге жұмыс сапарымен наурыздың 18-і келген. Содан бері бірнеше өндіріс ошағын аралап, тұрғындармен кездесуде. Бүгін-ертең аудандарға барып, халық алдында атқарылған шаруа бойынша есеп бермек.

Эльмира Садвокасова